«Құлансаз» ансамблін ең алғаш 1979 жылы белгілі композитор Әсет Бейсеуов құрған болатын. Дүрілдеп аты шыққан ансамбль Кеңес дәуірінде алыс-жақын шет елдерді аралап, атағы жер жарды.

 

2011 жылы «Алатау әуендері»  МКҚК «Құлансаз» ФЭ ансамблі болып, жас буыннан қайта жаңғырды. Бүгінгі таңда өз бағыт-бағдары, ерекшелігі бар ансамбль Корея, Қытай, Ресей, Германия, Польша, Америка елдерінде ұлттық өнерімізді насихаттап талайды өнерлерімен тәнті етті.

 

Сондай-ақ, еліміздің өзге облыстары мен үлкен қалаларының сахналарында өнер көрсетіп жүр. Репертуарлары ұлттық нақышқа толы ұжым ерекше сұранысқа ие.

 

2014 жылы «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі  XVI-Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Халық музыкасы» номинациясы бойынша І орынды иеленді. Сонымен қатар бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты.

 

Ансамбльдің биылғы жылғы да жоспары ауқымды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астанамыздың 20-жылдық мерейтойына облысымыздың аудан, қалаларында көптеген концерттер беріліп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Биылғы  ІХ – концерттік маусымымызды  көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Әсет Бейсеуовтың 80-жылдығына арнап «Ән әлеміндегі - Әсет» атты тақырыппен 18 қазан күні І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткізгелі отырмыз.