Алматы облысы әкімінің
«І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының» директоры
Әли Демегенұлы 1956 жылы 28 сәуірде Талдықорған облысы, Ескелді ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. Білімін Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтында оқып, кейіннен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясында білім алды.
Ол оқуын бітіргеннен кейін еңбек жолын 1979 жылы Сарқан қаласындағы Мәдени ағарту училищесінде бастай отырып, мұғалім маман ретінде жастарды өнерге баулыса, енді бір қыры халық аспаптар оркестрінің дирижері болды. Өз мамандығының иесіне айналған Алпысбаев Әли Демегенұлы жан-жақты ізденіп, шығармашылықпен еңбек етіп, тыңғылықты іс тындыруда болашаққа деген арман-мақсаттарын айқын көрсете білді. Оған дәлел, 1983 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы музыкалық мектепте, «Қ.Байсейітов атындағы музыкалық училищесінде» және І.Жансүгіров атындағы «Педагогикалық институтында» ән және музыка факультетінде дәріс берді.
Шыдамдылық пен сабырлықтың, талап пен мол жауапкершілік қасиетінің арқасында Әли Демегенұлы өзгелерден ерекшеленеді. Екі облыс қосылып орталығы Алматы облысына ауысқан шақта қалалық Әкімдіктің шақыруымен «М.Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі» аймақтық филармониясының директоры әрі бас дирижері қызметіне тағайындалып, мәдени ошақты сақтап қалуда Әли Демегенұлы елеулі еңбек сіңірді.
Қазіргі таңда Алматы облыстық «І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы» МКҚК-ның директоры қызметін және де «Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы» МКҚК-ның «М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің» бас дирижері міндетін атқаруда.
Көпшіліктің көңілінен орын алған өнер иесі бүгінде өзіндік сый-құрметіне ие. Атап көрсететін болсақ, ҚР-ның «Білім беру ісінің үздігі», Жетісу Мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, екі мәрте қалалық мәслихат депутаты, 2016 жылы Алматы облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Өзінің белсенді қызметі үшін «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесі Бюросының қаулысы бойынша «Белсенді қызметі үшін» марапатталып, Алматы облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», Алматы облыстық филиалының «Нұр Отан» партиясының «Алғыс хатымен» және Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Қазақ халқының өнерін тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде паш етіп, үлкен құрмет пен алғысқа ие болған. Қазақ өнерін дамытуда еліміздің үлкен концерт залдарында Алматы, Астана және оңтүстік Корея, Түркияның Анталия қаласында, Болгария Республикасының София қаласында, «Таланты мира» қорының шақыруыменен Москва қаласындағы «Светланов» атындағы Халықаралық музыка залында М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрімен, АҚШ мемлекеті Алабама штатының Олбани қаласында симфониялық оркестрімен өнерін паш етіп, өзінің талантты дирижер, композитор екендігін жоғары деңгейде көрсете білді. Сонымен қатар, «Елге арнау» күй-поэмасы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Мемлекеттік Грант иегері, Республикалық «Елім менің» конкурсының бірнеше дүркін лауреаты. Ал, 2015 жылы VI Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурста «Орбұлақ таңы» атты симфониялық күй поэмасымен Республикалық конкурстың Гран-при жеңіп алып, еліміздің белді композиторына айналды. 2017 жылы «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының «Алаш елі» атты күй поэмасымен лауреат атанды. 2018 жылы І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «Елге арнау» атты жаңа өнер туындыларына арналған композиторлар байқауында жүлдегер атанды.
Сұрақ қою