«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Жетісу облысының ауылды елді-мекен тұрғындары 2,5 %-дық жеңілдікпен несие алуда. Жыл басынан бері өз ісін бастап, дамытуға 2,9 млрд. теңгені 500 адам нақты қолына алған. Қолдау көрсетілген бизнес жобалардың бағыты әртүрлі. Бағдарламаға қатысып, несие алып, осы күнде жеке ісін бастап кеткен кәсіпкерлер бүгін өз өнімдерін Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара аясында ұйымдастырылған көрмеде ұсынды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, шаруаларға тынымсыз да қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді. Еске салсақ, биыл жалпы жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғаш рет 4-ші орыннан көрінді. Осы жылы облыс диханшыларының қажырлы еңбектерінің арқасында 517,8 мың гектар егіс алқабынан 1,9 млн.тонна ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Бұл ретте биыл агросубъектілерді қолдауға бюджеттен 46 млрд. теңге қаражат бөлінді, оның 28 млрд. теңгесі субсидия және 15 млрд. теңгесі жеңілдетілген несие ретінде және 3,1 млрд.теңге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға лизингіге берілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымен қатар көрмеге өңірдің әр қиырынан келген шаруашылықтар қатысып, өз өнімдерін ұсынды.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірқатарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, «Еңбек ардагері» медалі және «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісі берілді.
Мұнан соң «Облыстың үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» аталымы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Жаңа тракторлардың кілті мен І дәрежелі дипломды Кербұлақ ауданындағы «Қызылшоқы» ЖШС және Сарқан ауданынан «Абылқасымов Б» шаруа қожалығы алды. Өңдеу кәсіпорындары арасында «JLC Сүт» сүт зауыты үздік деп танылып, зауыт басшылығына 1-дәрежелі диплом және сыйлық ретінде 800 мың теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. 2-орынды «Бақытбек Қаратал» ЖШС және 3-орынды «Текелі сүт зауыты» иеленіп, оларға сәйкесінше 500 мың және 400 мың теңге сыйақы берілді.
Мерекелік шаралар концерттік бағдарламамен жалғасты.
Толығырақ облыс әкімдігінің ресми сайтынан оқи аласыз.