Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы - Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 107 жыл толуына орай 14 қаңтар күні І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының ұжымы ішінде ұлы тұлғаның туылған күніне арналған еске алу шарасы өтті. Бұл күн бүгінде мелекеттік деңгейде атаулы күндердің бірі ретінде саналып отыр. Ол көзі тірісінде ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналып үлгерді. Күллі қауымның «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ оған деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің Димаш атамызға арқа сүйегенін аңғаруға болады. Аты аңызға айналған тұлға Дінмұхаммед Қонаев өмірден өтсе де оның еңбектері бүгінде халық игіліне қызмет етіп отыр. Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Дінмұхаммед Ахметұлы қазақ елінің дамып, көркеюіне сүбелі үлес қосып, халық есінде кемеңгер тұлға ретінде мәңгілікке сақталды. Бүгін Дінмұхамед Қонаев атамызға арналған шарада Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Ғұмаров Әділжан Нүсіпжанұлы өмірбаянынан шолу етті.